Loading...

Нұрлан Исин: Ақпарат технологияларын саланы дамытпай тұрып басқару мүмкін емес

WhatsApp
Facebook
VK
Telegram
Twitter


    – Нұрлан мырза, Қазақстан ІТ компаниялар қауымдастығы нақты немен айналысады, мақсат-міндеттері қандай?


    – Біздің қауымдастықтың негізі 2004 жылы қаланды. Бұл – еліміздегі IT-компаниялардың басын біріктірген алғашқы қауымдастық. Қазіргі күннің өзінде қауымдастықтың құрамында компаниялар саны өте көп емес. Шамамен алып қарасақ, 50-ге жуығы тіркелген. Олардың ішіне жеке және мемлекеттік компаниялар кіреді. “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ, “Қазақтелеком” АҚ сынды ірі отандық компаниялар да бар. Осы сынды ақпараттық жүйелерді әзірлеуде жұмыс атқарып келе жатқан көптеген компания кіреді. Қауымдастықтың міндеті – ақпараттық технологиялар саласында қазақстандық және халықаралық, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың арасында байланыстың дамуына көмектесу.


    Ақпараттық технологиялардың әлемдік нарығына отандық бағдарламалық өнімдерді және жаңа зерттеулерді шығаруға жәрдемдесу сияқты міндеттеріміз де бар.


    – ІТ компаниялар қауымдастығы осы уақыт аралығында қандай жетістіктерге қол жеткізді?


    – Нақты жетістіктерді айту өте қиын. Себебі біз жалпы атмосфераны, климатты қалыптастырамыз. Біздің басты мақсатымыздың бірі – IT саласының мүдделерін қорғау және лоббилендіру. Соған сәйкес норматив құжаттарға және актілерге сараптамалық қорытындылар тағайындаймыз. Жалпы сараптамалық қорытындыларды тағайындау кезінде компаниялар бізбен кеңесіп жатады. Олар біздің орталыққа келіп өздерінің ойларын айтып, ұсыныстарын білдіріп отырады. Кейде біздің жұмыс тобымыз оларға барып, ақпараттық технология саласындағы түрлі мәселені талқылайды.


    – “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында қызмет көрсетуде отандық IT-компаниялардың үлесі қандай?


    – “Цифрлық Қазақстан” бағадарламасында айтылған тапсырмалар тек компанияның емес, еліміздің алдына қойылған басты тапсырма деп айтсақ болады. Бір жағынан, цифрландыру әлемде өткен ғасырдың 50-жылдары бастау алған. Тек ол кезде түрлі атауы болды. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында бұл атауды түсіну оңайға түсіп отыр. Сол үшін де бізге “цифрландыру” термині тансық емес.


    Ал бұрын XX ғасырдың екінші жартысында әлемде алғашқы аналог жүйе пайда болды. Қазір олардың бәрі артта қалып, теледидардың өзі толықтай цифрлық форматқа ауысу үдерісінде. Сондықтан бұл даму бағыты елімізге оң өзгерістер алып келеді. Оның үстіне компаниялар ақпараттық технологияларды дамыту жұмыстарын жақсартып жатыр. Бұл негізінен ақпараттың дамыған заманында көп еңбекті қажет ететін сала деп айтсақ болады. Расымен, әлемнің сұранысына ие болу үшін цифрлық технологияларды меңгеруіміз керек. Онсыз ешқайда жылжи алмайсың. Біздің елімізде, ақпараттық технология басты назарда. Елбасымыздың бастамасымен “Цифрлық Қазақстан” бағдаларамасы құрылды. Қазір барлық бағыт осы қарқында дамып келеді. Сонымен қатар осы салаға министр ретінде Асқар Жұмағалиев тағайындалды. Қазір барлық министрлік аталған бағдарлама бойынша жұмыс күшін арттырып отыр. IT мамандарға да сұраныс жиілігі артып келеді. Ақпарат технологияларын саланы дамытпай тұрып басқару мүмкін емес Сондықтан елімізде IT мамандар, IT саласы трендте деп айтсақ болады.


    Елімізде IT-университет ашылғалы жатыр. Бұған пікіріңіз қандай, оның қаншалықты маңызы бар?


    – Әрине, әсіресе заманауи университеттер біздің елімізге сөзсіз қажет. Өткен жылдары еліміздегі білім саласы өте төмен түсіп кетті. Соның ішінде ақпараттық технологиялар бағыты да бар. Сырттан келетін мамандар тез өзгеретін жүйеге, талапқа толықтай сай келмей жатты. Осындай жағдайға қарамастан заманауи әрі қажет ЖОО-ны құру – уақыт талабы. Біздің уақытта Алматыда Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Қазақстан-Британ техникалық университеті пайда болды. Олар қазірдің өзінде маман даярлап, қарқынды жұмыс істеп жатыр. Назарбаев Университеті де IT мамандарын әзірлеу бойынша өте белсенді. Енді осындай ЖОО-ның қатарына тағы бір университет қосылып жатса, оған тек қуанамыз.


    – Бірнеше жыл бұрын берген сұхбатыңызда “Бізге отандық және шетелдік ІТ мамандарға жағдай жасау керек” деген екенсіз. Қазір сала мамандары үшін қандай жағдайлар қарастырылып жатыр?


    – Қазір IT мамандарына барынша жағдай жасалып келеді. Шет елдерден түрлі сарапшы, осы саланың нағыз мамандары келіп тәжірибе алмасып жатыр. Түрлі форум, конференция жиі ұйымдастырылады. Біздің отандық IT мамандар барлық жағдайда жұмыс жасауға қауқарлы. Олардың білімі де, дәрежесі де жетеді. Стартап өкілдеріне де баса назар аударылып отыр. Соған орай Нұр-Сұлтанда Astana Hub халықаралық технопаркі ашылды. Енді жұмыстың қарқыны артып, мамандар тиісті дәрежеде өздеріне керек дүниелерді және ұсыныстарын бөлісе алады.


    – IT мамандардың сауаттылығын арыттыруда шетелдік IT саласының мамандарымен байланыс орнатудың маңызы қандай?


    – Бұл – тәжірибені, еңбекті көп қажет ететін сала. Оны игеру үшін барлық елдің тәжірибесін оқу керек деп есептеймін. Қазір елімізден мамандар шет елдерге барып тәжірибе алып жатыр. Олар қазіргі таңда Сингапур, Корея, Эстония, Англия елдерінің мамандарымен тәжірибе алмасып, оқып келді. Бұл салада, әрине, байланыс орнатудың, олармен тәжірибе алмасудың маңызы зор.


    – Ақпараттық технологиялар саласындағы әлемдік бәсекеге біздің ел қаншалықты дайын?


    – Бәсекеге қабілетті болу – басты талаптың бірі. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін барлық сұранысқа сай дүниені жасау керек. Тіпті, әлемдік сұранысқа ие болуы қажет. Ол үшін отандық IT-компанияларды қолдап, дамытуға атсалысқан жөн. Қазір барлық сала IT мамандарды қажет етеді. Сол себепті тапсырманы толықтай орындау – алдағы күннің басты мәселесі. Иә, қазір елімізде шетелге шығып жүрген компаниялар бар. Бірақ олардың саны өте аз, алдағы уақытта арта түседі деп ойлаймын.


    – Бағдарлама қабылданғаннан бері халықтың цифрландыруға деген көзқарасы, сауаттылық деңгейі өзгерді ме?


    – Цифрландыру туралы тақырып қозғалғанда, оны сауаттандыру жағы да қозғалады. Ал сауаттандыру жүргізілгеннен кейін халық, әрине, тез үйреніп алады. Халықтың цифрландыруға деген көзқарасы өте жақсы деп ойлаймын. Халық қазір өте сауатты. Олар тез үйреніп келеді. Тіпті, кей мамандарға қарағанда қарапайым халық цифрлық технологияның тілін тез түсініп, біліп тұрады. Көбіне ауылдық жерлерде сауаттандыруды жүргізу керек дейді. Менің ойымша, олар өздері үйреніп алады. Оларға тек мүмкіндік беру керек. Бұл бағытта ешқандай мәселені көріп тұрған жоқпын.


    – Қазақстан ІТ компаниялар қауымдастығының алдағы жоспарлары қандай?


    – Біздің басты мақсатымыз – IT саласының даму қарқынын арттыру, ІТ компанияларға мүмкіндіктер беру. Отандық компаниялардың заман талабына сай жұмыс істеуіне, олардың әлемдік деңгейге көтерілуіне жағдай жасау. Алдағы уақытта тек осы жұмыстармен айналысу жалғаса береді. Тек бәсекеге қабілетті болу үшін еңбектенеміз.


    Сұхбатыңызға рахмет!


    Сұхбаттасқан Марфуға Қараман




    Источник: “https://baribar.kz/102286/nurlan-isin-aqparat-tehnologiyalaryn-salany-damytpaj-turyp-basqaru-mumkin-emes/”

    SOCIAL NETWORK
    Иследования
    Обзоры
    Теги
    Поиск
    О НАС
    • На нашем сайте вы всегда можете найти ежедневно обновляемые актуальные новости со всех регионов странны, без субъектива и политической ангажированности. Среди основных рубрик нашего сайта, которым мы отдаём предпочтение стоит выделить новости экономики, новости политики, новости строительства и недвижимости, новости туризма и новости здравоохранения.

    Бизнес-планы
    Go to TOP